Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық қауіпсіздік комитеті арнайы операция кезінде мефедрон мен экстази сатып келген астана тұрғынын ұстады.
26 шілдеде ҰҚК Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті аса ірі көлемдегі психотропты заттарды сатуға қатысы бар күдікті А. есімді елорда тұрғынын ұстады.
Процессуалдық шара барысында заңсыз айналымнан 1,5 кг «мефедрон», 1,4 кг «альфа-PVP» және 659 таблетка МДМА («экстази» деп айтылады) тәркіленді. Тергеу оның есірткіні астанамыздың орталығында жалдамалы пәтерде орап, интернет арқылы тұрақты түрде сатып келгенін анықтады, – делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу жүріп жатыр. Бұл бап бойынша 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткі және психотроптық заттарды заңсыз таратуға қарсы жұмысты жалғастырады.