Астанада «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздары мен еңбек ардагерлерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады BAQ.KZ.
Аталмыш конкурс жыл сайын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылып, еңбек адамдарының жұмысын насихаттау мақсатында «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» және «Өндірістің үздік жас маманы» атты номинациялары бойынша марапатталды.
Іс-шараға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, мемлекеттік органның, «Атамекен» ҰКП-ның, республикалық жұмысшылар мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің, жергілікті мемлекеттік органдардың, әлеуметтік серіктестердің өкілдері, еңбек ардагерлері мен конкурс жеңімпаздары қатысты.
Биыл «Еңбек жолы» республикалық байқауында 500-ден астам қызметкер бақ сынаған.
Министр «Еңбек ардагері» медальдарын еңбек ардагерлері Жанаргүл Магуловаға, Кабдулман Имамбековке және Күнімбала Баяхметбаеваға тапсырды.
Бұл жолы конкурсқа үміткерлерден өтінімдерді қабылдау 1 сәуірден басталды. «Үздік еңбек әулеті» номинациясына 163 өтінім, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясына 179 өтінім, ал «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясына 180 өтінім келіп түсті.
Конкурстың лауреаттары республикалық комиссияның отырысында жарыстың аймақтық кезеңінде жеңімпаз атанғандардан іріктелді. Комиссия құрамына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері, ҚР Парламент депутаттары, әлеуметтік серіктестер, «Атамекен» ҰҚП мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Қоғамдық келісім» РММ өкілдері кірді.
«Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша Абай облысының Тукубаевтар әулеті жеңімпаз атанды. Екінші орынды Шығыс Қазақстан облысының Ковалевтар әулеті, ал үшінші орынды Ұлытаулық Бекмағанбетовтар әулеті қанжығасына байлады.
Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері атағын Алматыдан келген Людмила Хвостова иеленсе, екінші және үшінші орынды Ерғазы Тұрлыбеков (Қарағанды облысы) пен Жұмабай Абдулов (Атырау облысы) алды.
Өндірістің үздік жас мамандары атағын: Наурызбек Дакен Павлодар облысы (1 орын), Сұлтан Әукен Алматы облысы (2 орын) және Нұрқасым Байшуақов Ақмола облысы (3 орын) иеленді.
Байқау жеңімпаздарына ақшалай сертификаттар табысталды: 1 орынға – 1 млн теңге, 2 орынға – 500 мың теңге және 3 орынға – 300 мың теңге.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2016 жылдан бері еңбек әулеттері мен өндіріс жұмысшыларының арасында «Еңбек Жолы» республикалық конкурсын ұйымдастыруда. Оның басты міндеті – еңбек адамдары жайлы оң қоғамдық пікір қалыптастыру және кәсіпорындар мен мекемелерде жаңа еңбек әулеттерінің қалыптасуына жағдай жасау.