Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында емхана мен емдеу-оңалту орталығы салынып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Қаланың одан әрі дамуы үшін жеке инвестиция тарту, оның ішінде медицина саласына да бөлу маңызды. Елордада жеке қаражат есебінен емдеу-оңалту орталығы бар бес қабатты емхананың құрылысы жүріп жатыр. Ауданы 10 мың шаршы метр болатын жаңа медициналық орталық Алматы ауданында (Қ.Әзірбаев және А98 көшелерінің қиылысы) салынып жатыр. Жаңа орталықта бір ауысымда 500-ден астам науқас қабылданатын болады. Медициналық орталықта амбулаториялық және стационарлық көмектен бөлек, түрлі ауруы бар адамдар үшін оңалту қызметтері де көрсетіледі, - деп жазды әкім.
Осы мақсатта ауданы 3,5 мың шаршы метрден асатын емдеу-оңалту орталығы жұмыс істейтін болады.
Медициналық мекемеде ересектер мен балаларға арналған бассейн де қарастырылған. Аталған емхана мен емдеу-оңалту орталығын салуға және жарақтандыруға 4,5 млрд теңге жеке инвестиция жұмсалады. Қала тұрғындарын медициналық көмекпен қамтуды арттыру үшін жеке медициналық орталықтарға субсидия бөлінетін болады. Сонымен қатар, бюджет есебінен «үй маңындағы дәрігер» медициналық орталықтар желісін кеңейтудеміз, медициналық мекемелерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп жазды елорда әкімі.