Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығымен бірлесіп, қаржы институттарының қызметкерлеріне арналған семинар өткізіп, оның барысында «елішілік құндылық» ұғымының негіздері мен отандық тауар өндірушілерді дамыту саясаты түсіндірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ИИДМ-нің Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспановтың айтуынша, елішілік құндылықты дамыту мақсатында заңнамалық негізді өзектендіру жұмысы қолға алынып, кәсіпкерлікті ынталандыруға бағытталған шарттар мен ұзақмерзімді келісімдерді жасау жөнінде ауқымды қолдау шаралары көрсетіліпкеледі.
Былтыр «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заңды қабылдадық. Құжаттағы жаңашылдықтардың бірі «жергілікті қамту» ұғымы «елішілік құндылық» болып өзгертілді. 2022 жылдағы 9 айдың қорытындысы бойынша барлық субъектінің сатып алуында елішілік құндылықтың үлесі 58%-ды немесе 10,3 трлн теңгеге жетті, - деді І.Оспанов.
Сонымен қатар семинарда Елішілік құндылықты дамыту басқармасының басшысы Мейір Маратов Елішілік құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту бағдарламасының негізгі тұстарына тоқталды. Аталған бағдарлама импортты алмастырып, экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған. Осы ретте басқарма басшысы шикізат базасының болуы, экологиялық реттеу, кадрлық құзыреттер мен инфрақұрылым сияқты мәселелер ескерілгенін жеткізді.
Бағдарламадағы өзгешеліктердің бірі ШОБ белдеуін дамыту және екінші деңгейлі банктерден қосымша қаржыландыруды тарту, қазақстандық кәсіпорындармен ұзақмерзімді және офтейк келісімшарттар жасау жөніндегі міндеттемелер мен шикізатпен қамтамасыз ету қарастырылған. Осы арқылы импортты алмастыру бағдарламасы елішілік құндылық үлесін және қазақстандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізеді, - деді М.Маратов.