Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада 15-25 қараша аралығында Дүниежүзілік СПИД-ке қарсы күрес күндері жарияланды. Бұл күндері қалада қоғам назарын аударуға бағытталған түрлі ауқымды іс-шаралар өтеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«АИТВ: әрбірін түсіну» тақырыбы шеңберінде 10 күн ішінде қала тұрғындарын АИТВ инфекциясын жұқтырудың алдын алу мәселелері бойынша, әсіресе жастар арасында хабардар ету және барлық мүдделі тараптардың ведомствоаралық өзара іс-қимылын нығайту арқылы қауіпсіздікті қалыптастыру, кемсітушілікті жою сияқты іс-шаралар өткізілетін болады:
- 17 қарашада онлайн форматта әлеуметтік желілерде және YouTube арнасының тікелей эфирінде Қазақ ұлттық өнер университетінің классикалық камералық концерті өтеді.
- 19 қарашада Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы колледж студенттері мен жоғары сынып оқушылары арасында АИТВ-инфекциясының алдын алу бойынша жастар форумы өтеді.
- 24 қарашада медициналық университет студенттері арасында пікірталас өтеді.
Осы іс-шаралармен қатар 15-25 қараша аралығында қаланың ірі жоғары оқу орындарында студенттерді АИТВ-ға жедел тестілеу бойынша акция ұйымдастырылады. 10 күн бойы күнделікті ЖИТС орталығының Достық кабинетінде Ашық есік күндері өтеді.
Сондай-ақ әлеуметтік желілерде үкіметтік емес ұйымдар мен медицина қызметкерлерінің қатысуымен қала тұрғындары үшін #Услышать каждого#ӘрбірінТүсіну#toHearEveryone атты челлендж ұйымдастырылады.
Орталықта тіркелген, АИТВ-мен өмір сүретін әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жиынтығы беріледі. Іс-шаралар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен, Білім басқармасымен, Қазақ ұлттық өнер университетімен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп өткізіледі.
Оның қорытындысы бойынша 25 қарашада БАҚ өкілдерімен баспасөз конференциясы өтеді.