Елордада болашақ аналарға арналған алғашқы арнайы клиникалар ашылды

12 Сәуір 2024, 17:07
436
Бөлісу:
Елордада болашақ аналарға арналған алғашқы арнайы клиникалар ашылды
Фото: Елорда әкімдігі

Күні кеше елордада бірден екі "Бір күндік клиника" ашылды: бүкіл ел азаматтарын қабылдай алатын бірінші нысан Ана мен бала орталығы болса, сондай-ақ қала тұрғындары үшін бұл жоба №2 қалалық көпбейінді ауруханада іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Жоба жүкті әйелдерде ұрық диагностикасының тиімділігін арттыруға және "бір терезе" қағидаты бойынша көмек ұйымдастыруға бағытталған.

"Бір күндік клиниканың" басты миссиясы – болашақ аналарға мүмкіндігінше сапалы, жан-жақты және жайлы медициналық көмек көрсету, процедуралар мен консультацияларға кететін уақыт пен күш-жігерді азайту.

Клиника жүкті әйелдерге бірінші триместрде пренатальды скрининг жүргізудің жаңа бірегей әдісін ұсынады. Болашақ аналар биохимиялық және бірінші триместрдің ультрадыбыстық скринингінен өту, қажет болған жағдайда генетиктің кеңесін алу сияқты барлық қажетті қызметтерді бір күнде бір жерде алады. Бұл болашақ аналарға УДТ, зертханалық тексеру үшін қан тапсыру, бейінді мамандарға жазбаны көп күттірмей, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді, сол арқылы дәл сол күні өз баласының денсаулығы туралы толық көлемде білуге және сәби өлімі мен балалар мүгедектігінің алдын алуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті аурухана директоры Нұрбол Тұрсынбаев.

Биохимиялық пренатальды скрининг FMF Халықаралық ұрық медицинасы Фондымен сертификатталған, 2024 жылғы автоматтандырылған иммуноанализатор көмегімен жүргізіледі. 30 минут ішінде құрылғы үлгіні өңдеуден өткізіп, нәтижені жедел дайындап шығарады. Ұрықтың анатомиясын мұқият, дәл зерттеуге бағытталған бағдарламалары бар заманауи сараптамалық аппараттарда ультрадыбыстық скринингтен өту мүмкіндігі қамтамасыз етілген.

Осылайша дәрігерлердің құрамдастырылған сараптамалары мен заманауи құрал-жабдықтардың арқасында жүкті әйелдер бір мезетте қажетті медициналық ұсыныстарға қол жеткізе алады. Болашақ аналарға зерттеу нәтижелерін күтетін сәтте тәтті ас-дәм ұсынылады.

Қалалық клиникаға жолдаманы жүкті әйелдер тіркелген жері бойынша емханада ала алады. Клиника жұмыс күндері таңғы 8:00-ден бастап жұмыс істейді.

Қосымша ақпарат алу үшін: 8 (778) 888-02-03; 8 (777) 108-97-79.

Өзгелердің жаңалығы