Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік» атты баспасөз мәслихатында Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ратбек Демеуберген айтты.
Бүгінгі күні елорданың су айдындарында адам өлімінің саны 3 кісіні құрап тұр, оның барлығы балалар. Адамдар өлімінің барлық фактілері суға түсуге тыйым салынған және жабдықталмаған орындарда орын алған. Биыл өткен жылмен салыстырғанда адам өлімі, әсіресе балалар өлімі артуда, - деді ол.
Сонымен қатар, Ратбек Демеуберген Есіл өзенінің бойында суға түсуге тыйым салынған 21 учаске барын айтты.
Шұбар, Газмашаппаратура, Телман, Триатлон саябағы, Депутат қалашығы аумақтарында, сондай-ақ Қарасу өзендері мен Ақбұлақ бойында, Нұра-Есіл каналында және басқа да аумақтар суға түсуге тыйым салынған аймақтарға жатады, - деді ол.
Айта кеткен жөн, қала аумағында суға түсуге рұқсат етілген 3 аумақ белгіленді. Олар – «Орталық жағажай», «Три пескаря» және «Столичный двор» демалыс аймақтары.
Баспасөз мәслихатының соңында ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы судағы қауіпсіздік ережелерінің негізгі талаптарына тоқталды.
Тек рұқсат еткен жерлерде ғана суға шомылыңыз, таныс емес жерлерде суға түсуге және сүңгуге болмайды. Мас күйінде суға түсуге болмайды. Судың температурасы 18 градустан төмен болса, суға түсуге болмайды, - деді ол.