Елордадағы Astana Hub алаңында «Адамдар мен ғаламшар үшін цифрлық қайта жүктеу» конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шара барысында Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен іске асырылған тұрақты даму саласындағы цифрлық шешімдер ұсынылды.
Қазақстандағы БҰҰДБ адамдар мен қоршаған ортаға негізделген цифрлық трансформацияға жәрдемдеседі. Ұлттық әріптестермен цифрланыру саласындағы жемісті ынтымақтастық теңсіздікті қысқартуға, мемлекеттік қызметтер мен халықты әлеуметтік қорғау сапасын арттыруға, сондай-ақ болашақ ұрпақтар үшін Қазақстанның биологиялық алуантүрлілігі мен экожүйелерін сақтауға ықпал етеді деп сенемін, - деді Қазақстандағы БҰҰДБ тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Сухроб Ходжиматов.
Сонымен қатар жиында «Отбасының цифрлық картасы» – халықтың неғұрлым осал топтары туралы ақпарат жинау және өңдеу арқылы әлеуметтік-экономикалық көмек көрсететін, сол арқылы мемлекеттік шығыстарды неғұрлым мақсатты түрде жоспарлауға ықпал ететін платформа таныстырылды.
Қатысушылардың назарына «Толқын» бағдарламалық-ақпараттық кешені – орталық, автономды жылумен жабдықтау және газ қазандықтары жүйелеріне арналған энергия үнемдеу құрылғысы ұсынылды. Бүгінгі таңда бұл энергия үнемдейтін құрал Қостанай және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Астана және Теміртау қалаларындағы 60 нысанға орнатылған.
Басқа цифрлық шешімдердің арасында Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарында табысты түрде енгізіліп жатқан технологиялық гаджеттер мен жүйелерді: Smart патрульдеу жүйесін, ормандарды есепке алуға арналған ұшқышсыз ұшатын аппараттарды атап өтуге болады. Олардың қатарында елдегі биологиялық алуантүрлілілікті мониторингілеу және зерттеуге арналған фототұзақтар мен спутниктік қарғыбаулар бар.
Конференция қатысушыларына ел аумағында БҰҰДБ қолдауымен дайындалған бес ұлттық парк пен қорықша бойынша виртуалды саяхаттармен танысу мүмкіндігі ұсынылды.