Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында елордадағы қоғамдық көліктердің қашан жүре бастайтынын айтты.
Бүгін Мемлекет басшысы қоғамдық көліктерді қайта жаңғырту мәселесіне баса назар аударды. Ертеңнен бастап біз қоғамдық көліктің жұмысын толығымен жаңғыртатын боламыз. Бағыттарға қатысты ақпарат БАҚ-та қосымша хабарлаймыз, - деді Бақтияр Мәкен.Сонымен қатар, Бақтияр Мәкеннің айтуынша, санитарлық талаптарды сақтай отырып, 3 адамға дейін саябақ, сквер және жағалауларда қыдыруға рұқсат етілді.
ҚР Президентінің тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында және мемлекеттік комиссияның шешімімен 20 сәуірден бастап үш кезең шеңберінде 250 мыңнан астам адам еңбек қызметін қайта жандандырды. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, әлеуметтік қашықтықты сақтау және бірлесіп серуендеу кезінде міндетті түрде маска киіп, серуендеуге рұқсат етіледі. Біз бүгін елордадағы барлық саябақ, скверлерді аштық. Сондықтан, тұрғындар санитарлық талаптарды сақтай отырып, демала алады, бірақ үш адамнан артық жүрмеуі керек, - деді ол.
Айта кетейік, Бақтияр Мәкен бұған дейін екі мыңдай медқызметкер 887 миллион теңге шамасында үстемеақы алып, бірқатар нысаннан карантиндік шектеу алынғанын айтқан болатын.