Елордада ауыл мектептерін көркейтуге бағытталған жиын өтіп жатыр

3 Қараша 2023, 11:37
682
Бөлісу:
Елордада ауыл мектептерін көркейтуге бағытталған жиын өтіп жатыр
PHOTO
Фото: "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ баспасөз қызметі

Елордада «Ауыл мектебінің өркендеуі – қоғам игілігінің кепілі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы ұйымдастырған ауқымды шара ауылдық мектептердегі білім беру сапасын арттыруға және әрбір оқушының әл-ауқатын қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді бірлесіп талқылап, шешуге бағытталған.

Елордада ауыл мектептерін көркейтуге бағытталған жиын өтіп жатыр

Педагогикалық жиын «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында Оқу-ағарту министрлігі, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры және Білім беру саласын тұрақты дамыту қорымен серіктестікте өткізілуде.

Конференцияға еліміздің ауылдық елді мекендерінен 330-дан аса педагог қатысып отыр.

Елордада ауыл мектептерін көркейтуге бағытталған жиын өтіп жатыр

Жиынға Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева, NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева, Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев арнайы ат басын бұрды.

Білім сапасын көтеру мақсатында қазір елдегі үздік мектептердің тәжірибесін өзге білім мекемелеріне тарату ісі жүргізіліп жатыр. Оның өзегінде «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы тұр. Қазірде оған 80 мектеп қатысуда. Екінші кезеңде 200-ге тарта білім ошағы қамтылатын болады, - деді мерекелік ашылуында сөз сөйлеген Тамара Қасымқызы.

Ал «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин 330-дан аса ауыл мұғалімінің басын қосқан ауқымды конференцияның маңызды екендігіне тоқталды.

Елордада ауыл мектептерін көркейтуге бағытталған жиын өтіп жатыр

Екі күндік халықаралық конференцияның маңызы ерекше. Өйткені шара аясында спикерлер тек білім беру мәселесі ғана емес, тәрбие процессіне, оқушылардың әл-ауқатына қатысты сұрақтар бойынша әдіс-тәсілдерімен бөліседі. Биылғы оқу жылынан бастап 80 ауылдық мектеппен Назарбаев Зияткерлік мектептері тығыз байланыс орнатып жатыр. Бүгінгі шара сол жұмыстардың жалғасы, - деді ол.

Қазір жоба аясында 2400-ге жуық педагог біліктілігін арттырған. Соның нәтижесінде педагогтердің кәсіби сенім деңгейі 15 пайызға артқан. Ал тірек мектептердегі оқушылардың сабақты меңгеру көрсеткіші 38%-ға көбейген.

Елордада ауыл мектептерін көркейтуге бағытталған жиын өтіп жатыр

Айта кетсек, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ауылдық аймақтардағы оқу ордаларының білім сапасын арттыруға бағытталған «Ауыл мектебі powered by NIS» жобасын 2020 жылы бастап, 14 ауыл мектебіне диагностика жасады, оқу жетістіктеріне мониторинг жүргізді, сонымен қатар әдістемелік қолдау көрсетті. 2021 жылы жобаға Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры қосылып, 7 мектепті жарақтандыруды қамтамасыз етті. Ал 2022 жылдан бері NIS-тің бастамасы «Қазақстан халқына» қоры және Білім беру саласын тұрақты дамыту қорымен серіктестікте «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» атты республикалық маңызы бар қайырымдылық жобаға ұласты.

Елордада ауыл мектептерін көркейтуге бағытталған жиын өтіп жатыр

Бағдарлама барысында былтыр 17 тірек мектеп жан-жақты қамтылса, 2023 жылы қатарға тағы 63 мектеп қосылды. Алдағы жылдары мектептер санын 200-ге жеткізу жоспарда тұр.

Өзгелердің жаңалығы