Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың коммуналдық қызметтері қалада санитарлық тазалық жұмысын жүргізіп жатыр. Асфальт, тротуарлар, жиектастар, көпір қоршаулары жуылады, ашық аумақтар қоқыстан тазартылады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Қаланың барлық ауданында коммуналдық қызметкерлер тазалық жұмысын белсенді жүргізуде. Жолдар мен тротуарлар жуылуда, қоршаулар, жер асты өткелдері, жол белгілері өңделіп, қоқыс жәшіктері тазартылуда.
Ауқымды тазалау жұмысы қаланың орталық көшелерінде ғана емес, елді мекендерінде де жүргізілуде. Сарыарқа ауданы бойынша бұл жұмысқа 430-дан астам жол қызметкері мен 160 арнайы техника, Алматы ауданы бойынша 120 техника мен 360-тан астам жол маманы жұмылдырылды. Байқоңыр және Есіл ауданында тағы 250 адам мен 150 арнайы машина санитарлық тазалау жұмысымен айналысады.
Саябақтар, гүлзарлар, алаңдар қоқыстан тазартылып, еріген қар суын сору, қоршауларды жуу, бояу жұмысы және өзге де жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Коммуналдық қызметтер екі ауысымда жұмыс істеуде. Сондықтан санитарлық тазалау жұмысы тәулік бойы жүргізілуде.
Еске сала кетейік, 16 сәуір мен 16 мамыр аралығында елордада «Бірге таза Қазақстан» экологиялық айлығы және қаланы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау бойынша сенбіліктер өткізіледі.