Астанада асық ату спортынан әлем чемпионатының ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
"Аспан" спорт кешенінде өткен іс-шараны Көшпенділердің асық спорты Халықаралық федерациясы мен "Асық ату" республикалық федерациясы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.
Құрметті қатысушылар мен қонақтар. Бүгін асық атудан бірінші әлем чемпионаты болып жатыр. Ол қазақ жерінде өтіп жатқаны жайдан-жай емес. Барлықтарыңызға қатысқандарыңызға рақмет. Сіздерге сәттілік тілей отырып, бүгінгі жарысты ашық деп жариялаймын, - деді Мәжіліс депутаты, Көшпенділер Асық спорты Халықаралық федерациясының президенті Олжас Құспеков.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш чемпионат қазақ халқының ұлттық дәстүрлері мен мәдениетін әлемдік аренада ілгерілетудегі маңызды қадамдардың бірі болмақ.
Бүгін - тарихи күн. Себебі елордада асық атудан тұңғыш әлем чемпионаты өтіп жатыр. Асық ату - бұл қазақ халқының дәстүрлі ойыны. Ойын ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, сергектікке баулиды. Бір сөзбен айтқанда, бұл ойынның пайдасы мол, - деді Асық ату федерациясының атқарушы директоры Азамат Манапов.
Бүгін ашылу рәсімінде қатысушылар мен көрермендерге әсерлі концерттік бағдарламалар, ұлттық музыкалық және би қойылымдары ұйымдастырылды. Сондай-ақ жиналғандар асық ату ойыны туралы жан-жақты ақпарат алып, оның қыр-сырымен танысты.
Ұлттық спорттық іс-шараның мақсаты – асық атуды әлемдік деңгейде насихаттау, халықаралық спорттық байланыстарды нығайту.
Елордада Асық атудан Әлем бойынша чемпионатқа 15 елден ең үздік спортшылар қатысып, қазақтың ұлттық ойыны асық атуда бақ сынап жатыр.
Жеңімпаздар ақшалай сыйақымен және кубоктармен марапатталады.
Спорттық жарысқа Қазақстан, АҚШ, Грузия, Венгрия, Ресей Федерациясы, Румыния, Моңғолия, Тәжікстан, Түркия, Испания, Чехия, Үндістан, Өзбекстан секілді елдің спортшылары келді.