Елорданың 25 жылдығына орай «Астана – мәдениет керуені» әскери оркестрлердің І Халықаралық әскери-музыкалық фестивалі өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астанада алғаш рет әлемнің сегіз елінен Әзербайжан, Үндістан, Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Жапония қарулы күштерінің музыкалық ұжымдары қаланың түрлі алаңдарында өнер көрсетеді. Ал, Пәкістан делегациясы бақылаушы ретінде қатысады.
Елімізден Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі, Қарулы Күштердің Ұлттық әскери патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрі және Ұлттық ұланның Үлгілі оркестрі қатысады.
Фестивальді өткізу алаңы ретінде Астана таңдалғаны кездейсоқ емес, бұл еліміздің бас қаласының мәртебесін арттыратыны сөзсіз. Биыл елордамыздың 25 жылдығы қарсаңында осы музыкалық фестивальді арнайы осы күнге жоспарладық. Қазақстан Республикасы халықаралық қоғамдастықтың бір бөлігі болып табылады және халықаралық диалогты үйлестіруді жақтай отырып, көпвекторлы саясатты ұстанады. Өкінішке орай, бүгінде әлемде жағдай тұрақсыз, бірақ өнер жағымсыз оқиғалардың құрбаны болмауы керек. Сондықтан фестивальдің мақсаты елдер арасындағы достық қарым-қатынасты қалыптастыру, Халықаралық мәдени диалогты нығайту, бейбіт бастамаларды дамыту және қатысушы мемлекеттердің дәстүрлі мәдени мұрасын насихаттау, - дейді ҚМ тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев.