Елордада «Ақ боз үй» фильмінің тұсаукесер көрсетілімі өтті

20 Мамыр 2022, 21:35
1677
Бөлісу:
Елордада «Ақ боз үй» фильмінің тұсаукесер көрсетілімі өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін белгілі қаламгер Смағүл Елубаевтың романы бойынша түсірілген «Ақ боз үй» фильмінің тұсаукесер көрсетілімі өтті. 

Бұл туынды халқымыздың басынан өткен ең ауыр трагедияның бірі – ХХ ғасырдағы ашаршылық тақырыбына арналғаны белгілі. Фильмде зобалаң жылдардың салдары, туған ауылын тастап, үдере көшуге мәжбүр болған қазақ жұртының қасіреті көрсетілген.

Елордада «Ақ боз үй» фильмінің тұсаукесер көрсетілімі өтті

Шын мәнінде, біз – тарихымызда талай қиындықты бастан кешкен халықпыз. Бірақ соның ішінде дәл осы ашаршылықтың зардабы ұлт жүрегіне өшпестей жара салды. Алапат нәубеттен қазақтың жартысына жуығы құрбан болды. Тағы бір бөлігі шекара асып, бас сауғалауға мәжбүр болды. Біз басымыздан өткен осындай қасіретті кезеңді ешқашан ұлт жадынан шығармауымыз керек. Әсіресе, жас буынға тарихымызды дәріптеп, келер ұрпаққа нақты мәліметтер мен деректерге негізделген зерттеулер қалдыру – басты міндет. Бұл – бабалар рухы алдындағы перзенттік борышымыз. Ашаршылықтың ақтаңдақтарын ашу арқылы біз тарихи санамызды дамытамыз. Ал, тарихи жадыны жаңғырту – Тәуелсіздігімізді нығайтып, елдігіміздің тұғырын биіктете түсетін қадам. Сол себепті, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы тақырыпқа үлкен көңіл бөліп, оның жан-жақты зерттелуіне, архив материалдарын жинақтауға қатысты тиісті орындарға тапсырма берген еді. Соның аясында елімізде нақты жұмыстар қолға алынып, бұл бағытта жаңа леп пайда болды, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенаттың ұйытқы болуымен ашаршылыққа қатысты бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған тарихи құжаттар мен деректердің және естеліктердің бес томдық жинағы жарық көргенін айтты.

Бүгін қалың көрерменге жол тартып отырған фильм де осы игі бастаманың жемісі екені сөзсіз. Алдағы уақытта бұл кинотуынды көрермен тарапынан жоғары бағасын алып, тарихымызды тануға өз үлесін қосады деп сенеміз және соған тілектеспіз. Осы ретте шығармасын фильмге айналдырып, сол жолда еселі еңбек еткен Смағұл ағамызға алғысымызды білдіріп, жаңа туындысымен шын жүректен құттықтаймыз, – деді Сенат төрағасы.

Өзгелердің жаңалығы