Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімдігі ресми сайтының редакциясы карантин кезінде Қазақстан астанасында спортсүйер жұртшылық үшін қандай шаралар өтуде деген сауалға жауап іздеді.
COVID-19-ға қатысты ахуалға байланысты Қазақстанда карантин енгізілгелі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы қашықтан жұмыс жасауға көшкен. Дирекция карантин кезінде @elordasport Instagram парақшасында "ONLINE-СҰХБАТ" айдары, "ONLINE-Жаттығу", "ONLINE-Жарыстар" және аптаның сейсенбі және жұма күндері тыныс алу жаттығулары бойынша эфирлер өткізуде.
Осы күнге дейін елімізге белгілі спорт шеберлерімен 25 сұхбат ұйымдастырылған. Оның ішінде Елдос Сметов, Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаров, Қуат Хамитов және Арман Оспанов сынды кәсіпқой спортшылармен де сұхбаттар бар. Сонымен қатар Римма Волосенко, Айгерим Абилкадырова, Ербол Мусабаев, Айтым Жакупов және Василий Тахтай сияқты елімізге танымал спорт шеберлерімен жаттығулар өтті.
Дирекция осы уақытқа дейін ZOOM бағдарламасы арқылы 8 онлайн жарыс өткізді. Атап айтқанда, планка жасаудан, "Family Victory" отбасылық жарысы, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай тоғызқұмалақтан ашық-онлайн турнир, Есіл ауданының мектеп оқушылары арасында бес асықтан онлайн жарыс, Кекушинкай-каратэ оқушылары арасында КАТА бойынша, елорда тұрғындары арасында доп соғу, турникте тартылу бойынша және дойбыдан онлайн-жарыстар мен турнирлер өтті. Жалпы, ONLINE-жарысқа 500-ге жуық Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны қатысты, - делінген дене шынықтыру және спорт басқармасының хабарламасында.
Алдағы уақытта, спорт күніне орай мүмкіндігі шектеулі жандар арасында шахматтан онлайн жарыс, ұлттық спорт түрлерінен онлайн жарыстар, конституция күніне орай онлайн спортттық іс - шаралар жоспарлануда. Шаралар туралы қосымша ақпарат @elordasport Instagram парақшасында алдын ала жарияланып, спорттық іс шаралар "ZOOM" бағдарламасы арқылы өтеді.