Елордада алдағы екі жылда 24 жайлы мектеп салынады

2 Қыркүйек 2023, 20:20
560
Бөлісу:
Елордада алдағы екі жылда 24 жайлы мектеп салынады
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында Пригородный елді мекенінің тұрғындарымен кездесу барысында көтерілген мәселелер туралы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аудандарымыз бен елді мекендеріміздің тұрғындарымен тұрақты кездесіп тұрамын. Пригородный елді мекенінің (Есіл ауданы) тұрғындарымен кездестім. Өткен кездесудің қорытындысы бойынша біз «Жол картасын» жасаған едік, онда 30-дан аса түрлі мәселе қарастырылды. Бүгінгі кездесуде осы мәселелерге жан-жақты шолу жасалды: 19 мәселе шешілді, тағы 12-сін шешу жұмысы жүріп жатыр. Кездесуде тұрғындар өзекті мәселелер көтерді: жолдар, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер салу, апатты жағдайдағы ескі тұрғын үйлерді бұзу, газдандыру, әлеуметтік нысандар салу және т.б, – деп жазды бас қала әкімі.

Жеңіс Қасымбектің жазуынша, 2024-2025 жылдары ұлттық жоба аясында Астанада 24 жайлы мектеп салынады. Оның 15-і Есіл және Нұра аудандарында орналасады, сол сияқты жаңа форматтағы мектеп Пригородный елді мекенінде де болады.

Сонымен қатар кездесу барысында тұрғындар бассейн мәселесін көтерді. Қалада бассейнге деген қажеттілік бар. Алдағы 3 жылда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 15 оқушылар сарайын салуды жоспарлап отырмыз. Олардың бірі Пригородный елді мекенінде орналасады, тиісінше онда бассейн де болады, – деп жазды әкім.

Елді мекендердегі өзекті мәселелердің бірі – апатты жағдайдағы тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу. Жеңіс Қасымбек 2024 жылы мұндай үйлерден тағы 700 тұрғынды көшіру жоспарланып отырғанын атап өтті.

Бүгінгі тұрғындармен кездесуден кейін ең алдымен қандай мәселелерді шешуіміз керек екенін анықтайтын боламыз, – деп түйіндеді елорда әкімі.

Өзгелердің жаңалығы