Елордада АХАТ органдарының 100 жылдығы өтті

3 Наурыз 2021, 23:00
2098
Бөлісу:
Елордада АХАТ органдарының 100 жылдығы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Есіл ауданының әкімдігінде АХАТ органдарының 100 жылдығын мерекелеу бойынша салтанатты іс-шара өтті.

Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов елорда басшылығы атынан АХАТ-тың қазіргі қызметкерлеріне алғысын білдірді, сондай-ақ ондаған жыл бойы осы салада адал және аянбай еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсетті.

Бұл саланың ерекшелігі – жан-тәніңмен жұмыс істеуді талап етеді. Бұл әсіресе карантин кезінде байқалды. Бір ғасырдан бері еліміздің игілігі үшін қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде қызметкерлердің бес ұрпағы ауысты. Бірақ мақсат ылғи да біреу, яғни әр адамның өміріндегі маңызды оқиғаларды нақты, уақтылы тіркеу, - деді ол.

Бұл мерекеге жұмысы, мақсаты бір қызметкерлер жиналды, олардың арасында бейнетінің зейнетін көріп жүргендер де бар.

Есіл ауданы әкімінің орынбасары Айжан Шайназарова АХАТ көмегімен ғана кез келген адам елдің азаматы бола алатынын атап өтті.

Әр адамның өміріндегі ең маңызды оқиғалар, туғаннан бастап, өмірден өткенге дейінгі аралықтың бәрі сіздердің қолдарыңыздан өтеді. Біз осы елге тиесілі екенімізді растайтын арнайы құжатты сіздерден алғаннан кейін ғана Қазақстан азаматы бола аламыз. Сіздердің жұмыстарыңыз елене бермейді. Жұрт бұл орынды кеңсе деп қана ойлайды. Шын мәнінде, әр адамның алғашқы құжаты — баланың туу туралы куәлігін бекітіп, қолдарыңызды қоясыздар. Бұл – өте маңызды. Көбімізде кеңес дәуірінде берілген туу туралы куәліктер бар. Ата-аналарымыз оларды перзентханадан шыққан тегтермен, алғашқы биркасымен бірге сақтап қойған, - деді Айжан Шайназарова.

Әкім орынбасары АХАТ бөлімінің қызметкерлеріне коронавирус пандемиясы кезіндегі жұмысы үшін алғыс айтты.

Сіздердің жұмыстарыңыз бір минутқа да тоқтаған жоқ. Бала тууды, некеге тұруды, ажырасуды тіркеуді тоқтатпадыңыздар, қайтыс болғаны туралы актілер де шығардыңыздар, - деді ол.

Қазіргі уақытта Есіл ауданының АХАТ органдары жылына 3,5 мыңнан астам неке мен 110 мыңға жуық бала тууды тіркейді. Осыдан бір апта бұрын Есіл ауданының АХАТ бөлімінде Ясмин есімді 300 мыңыншы тұрғын тіркелді.

Іс-шара қатысушыларына бейнеролик көрсетілді. Ғасыр жасаған қала тұрғыны Авсия Мамаржан, гауһар тойын тойлаған Алпысбаевтар отбасы, сондай-ақ ауданның 300 мыңыншы тұрғынының анасы Ақмарал Мадиярова экраннан қатысушыларды құттықтады.

АХАТ қызметі тек тууды, некені немесе қайтыс болғанын тіркеумен шектелмейді. Мекеме жеке деректердің өзгеруін тіркеп, әке болу, бала асырап алу фактісін анықтайды. Ұйым қызметкерлері құжаттардың түпнұсқаларын береді, жоғалған немесе ұрланған жағдайда көшірмелерін жасайды, белгілі бір акт жазбаларын қалпына келтіреді. Барлық құжаттар АХАТ мұрағатында 75 жыл сақталады, содан кейін мемлекеттік мұрағатқа тапсырылады. Сондықтан жоғалған жағдайда бізге, яғни ХҚО-ға жүгінсе жеткілікті, - деді Есіл ауданы әкімдігі аппаратының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Раушан Зарирова.
Өзгелердің жаңалығы