Абай және Қызылорда облыстарының аграршылары Астанаға 830 тоннадан астам өнім әкеледі, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Алдағы демалыс күндері, яғни 28-29 қыркүйекте Астанада Абай және Қызылорда облыстарының тауар өндірушілерінің қатысуымен ірі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді.
Екі облыстың аграршылары Астанаға нарықтық бағадан төмен бағамен 830 тоннадан астам жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімін әкеледі. Сатылатын тауарлар тізімінде: ет, күріш, балық, көкөністер мен жемістер, өсімдік майы, сүт өнімдері, бал, қымыз, шұжық өнімдері, бақша дақылдары, ас тұзы, сондай-ақ сүт және кондитерлік өнімдер бар, - делінген ақпаратта.
Әкімдіктің хабарлауынша, жәрмеңкені өткізу барысында елорда тұрғындары мен қонақтары Абай және Қызылорда облыстарының әртістерінің қатысуымен ойын-сауық концерттік бағдарламасын тамашалай алады. Ауылшаруашылық жәрмеңкесі Сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін ашық болады.
Естеріңізге сала кетейік, биыл жәрмеңке «Қазанат» ипподромына қарама-қарсы, Қарқаралы тас жолы, 1 мекенжайында өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болуы үшін оны өткізу кезеңінде №18, 37, 303 және 323 автобус маршруттары жүреді.
Жәрмеңкелер әр демалыс күндері 27 қазанға дейін өтеді.