Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Халықаралық World Scholars Cup олимпиадасының «WSC Nursultan Round» аймақтық кезеңі өтті. Ерекше білім жарысына еліміздің алдыңғы қатарлы 18 мектебінен 400-ге жуық оқушы қатысты.
Халықаралық World Scholars Cup білім олимпиадасы 2007 жылдан бері әлемнің 100-ге жуық үлкен қалаларында 10-18 жас білім алушылары арасында өткізіліп келеді.
Жарыстың басты мақсаты - қатысушылардың қызыға білім алуына, топта және жекелей өнер көрсету арқылы жаңа қырынан танылуына жағдай жасау.
Топтық эссе, пікірталас және жан-жақтылық тесті арқылы аймақтық және жаһандық кезеңнен сүрінбей өткен сайыскерлер ақтық мәреде АҚШ-тың Йель Университетінде бақ сынайды.
Араға 2 жыл салып 2022 жылдың 19-20 наурыз күндері «WSC Nursultan Round» аймақтық кезеңі Спектрум халықаралық мектебінде еліміздің алдыңғы қатарлы 18 мектебінен 400-ге жуық қатысушының басын қайта қосты.
Екі күнге жоспарланған жарыс тек ағылшын тілінде өткізілді.
Сайыстың басты қағидасы бойынша тілдің түсінікті, ойдың анық болуы білімге құштар жастардың ынтымақтастық әрі өзара қолдауы арқылы іске асатынымен тікелей байланысты.