Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада 36 мотоцикл өртеніп кетті. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызмет хабарлады.
8 маусым күні сағат 11:54-те елордалық өрт сөндірушілер Герцен көшесінде болған өртті сөндіруге шықты. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел жетті. Сағат 12:02-де мотоцикл сататын дүкеннің іргелес аумағында 15 шаршы метрде 36 дана мотоцикл мен 1 дана қарда жүретін техниканың жанып жатқандығы анықталды, - делінген хабарламада.
Өрт сағат 12:09-да толықтай сөндірілді. Сөндіру жұмыстарына Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД жеке құрамынан 10 адам және 2 техника жұмылдырылды.
Ведомствоның хабарлауынша, зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажет екендігін ескертеді.