Елордада 350-ден астам медицина қызметкері марапатталды

13 Желтоқсан 2021, 20:31
1195
Бөлісу:
Елордада 350-ден астам медицина қызметкері марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай елордалық медицина ұйымдарының дәрігерлері, орта және кіші буын қызметкерлері арасында 350-ден астам маман түрлі медальдармен, наградалармен марапатталды.

Олардың арасында 98 адам «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалін алды. Тағы 7 адам мемлекеттік наградаларға, 3 адам «Халық алғысы» медаліне ие болды.

13 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен көпсалалы медициналық орталықтың директоры Мұхтар Төлеутаев «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды.

Ел Президентінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалі елордалық медицинаның үш қызметкеріне, сол сияқты «Шапағат» медалімен елордалық медициналық мекемелердің үш қызметкеріне табысталды.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай елордада «Алтын жүректі жандар» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Концерт түрлі мамандықтар ұжымына Алғыс білдіру үшін ұйымдастырылды.

«Алтын жүректі жандар» номинациясына 5 медицина қызметкері ие болды. Олардың бірі жедел медициналық жәрдем станциясында жүргізуші болып жұмыс істейді, тағы бір номинант – №3 көпбейінді қалалық аурухананың пульмонология бөлімшесінің аға медбикесі. Марапатқа №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының санитарлық қызметкері, шаруашылық бикесі және көпбейінді медициналық орталықтың анестезиолог–реаниматологы ие болды.

Денсаулық сақтау саласының тағы 75 қызметкері ведомстволық наградалар, «Еңбек ардагері» медалі және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерін, Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын алды.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің Құрмет грамотасы 87 медицина қызметкеріне, сол сияқты 100 маманға құрмет грамотасы мен басқарма басшысының Алғыс хаты табыс етілді.

Өзгелердің жаңалығы