Елордада 213 мыңнан аса адам МӘМС жүйесінен тыс қалған

26 Наурыз 2021, 17:39
1240
Бөлісу:
Елордада 213 мыңнан аса адам МӘМС жүйесінен тыс қалған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ-ның Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиал директоры Нұрлыбек Қабдықапаров бүгін филиалдың 2020 жылы атқарған қызметі мен 2021 жылғы жоспарлары туралы онлайн форматта өткен брифинг барысында айтты.

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тұрғындардың  82%-ы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің қатысушылары. Бір жылдың ішінде сақтандырылған тұрғындар саны 43 311 адамға көбейді, яғни 2020 жылдың қаңтар айында 922 893 адам болса, 2021 жылдың қаңтар айындағы көрсеткіш - 966 204. Әлі 213 мыңнан аса қала тұрғыны қамтылмай, МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Олардың 90,1 мыңы  - жалдамалы жұмыскерлер, жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық шарт негізінде жұмыс істейтіндер, бірыңғай жиынтық төлем бойынша жарна аударатындар, өз бетінше жарна төлейтіндер, жеке практикамен айналысатын адамдар – жүйелі, тұрақты түрде аударым жасалмағандықтан, МӘМС жүйесінен қалыс қалған, - деді ол. 

Нұрлыбек Рысқалиұлы брифинг барысында ШОБ қызметкерлерінің мәртебесіне де тоқталды. Оның сөзінше, сақтандырылмағандар арасында жыл соңына дейін сақтандыру төлемдерінен босатылған ШОБ қызметкерлері де болуы мүмкін.  

Жеңілдікті пайдалану үшін жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлері туралы мәліметті Қордың msb.fms.kz сайтына орналастырып, оларды сақтандыруы тиіс. Содан кейін жұмыскерлер ешқандай төлем жасалмаса да сақтандыру пакетіндегі қызметтерді кедергісіз пайдалана алады. Соңғы деректер бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында барлығы 33 585 ШОБ субъектісі тіркелген. Оның ішінде 22 178 субъект - ақпараттық жүйеде деректерін жаңартқан, ал 11407 - ақпараттық жүйеде өз деректерін әлі жаңартпаған. Осылайша 11 407 кәсіпорынның жұмыскерлері МӘМС жүйесінен тыс қалады, - деді филиал директоры.

Өзгелердің жаңалығы