Астанада «Борышкер» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Мұндағы мақсат – әкімшілік айыппұлдар бойынша берешегі бар автокөлік иелерінің көлік құралдарын, жалған нөмірлері бар көлік құралдарын анықтау және одан әрі коммуналдық тұраққа қою.
Іс-шара өткізу кезеңінде қызметкерлер жалпы сомасы 7,5 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұлдар бойынша 700-ге жуық хабарлама берді.
Ресей Федерациясында тіркелген BMW маркалы автокөлікті басқарған 37 жастағы жүргізуші осы жылдың 15 наурызынан бастап қазіргі уақытқа дейін 50 әкімшілік құқық бұзушылық жасаған. Олар бойынша полиция қызметкерлері 1 млн 100 мың теңгеден астам сомаға хабарлама берді, көлік құралы коммуналдық айыппұл тұрағына қойылды, - деп жазылған хабарламада.
Коммуналдық тұраққа өзге де құқық бұзушылықтарды ескере отырып, әкімшілік айыппұлдар бойынша берешегі бар 20 көлік қойылды.
Полицейлер 21 сәуірден бастап қазіргі уақытқа дейін 28 әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жүргізушіні тоқтатты. 20 жастағы көлік жүргізушісінің айыппұлы 530 мың теңгеден асып кеткен. Ресей Федерациясында тіркелген ВАЗ 2114 көлігі айыпұл тұрағына қойылды.Осыған байланысты Астана қаласының полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды және құқық бұзушылық жасалған жағдайда оларды уақтылы төлеуді сұрайды, - деп жазылған хабарламада.