Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алтай Көлгінов биыл ел астанасында 40 мың оқушыға арналған мектептер ашылатынын Іnstagram-дағы парақшасында жазды.
Таңертеңгілік қаланы аралау барысында бірқатар мектептің құрылысымен таныстым. Мысалы, Есіл ауданында орналасқан мектеп (Ұлы Дала даңғылы мен №39 көшенің қиылысы) екі ауысымда 2400 оқушы орнын құруға мүмкіндік береді. Соншама орын Алматы ауданындағы мектепте (Қ.Сәтпаев және Ж. Нәжімеденов көшелерінің қиылысы) құрылады. Техника мен адамдарды жұмылдыруды тапсырдым. Оқу орындарын барлық қажетті жабдықтармен қамтып, мектептерге кірме жолдарды ойластыру, сондай-ақ мектеп аумағын абаттандыру мен көгалдандыруға ерекше назар аудару қажет. Екінші мектеп бойынша да инженерлік желілерге қосылу мәселесін шешуді тапсырдым, - деп жазды қала басшысы.
Биыл барлығы 16 мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Оқу орындарын салу кезінде ірі мектептерге көшеміз. Осы шаралардың арқасында биыл ғана 40 мыңнан астам оқушы орны құрылады. Демек, 2020 жылмен салыстырғанда оқушы орындарының саны 2 еседен астам, ал 2019 жылға қарағанда 4 есе ұлғаяды.
Мысалы, өткен жылы 11 мектеп салынды. Бұл үш ауысыммен оқытатын мектептер санын 8 – ден 4-ке дейін, ал тығыздалған режимі бар мектептер санын 22-ден 14-ке дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бірқатар мектептер жылыту қазандығынан орталыққа ауыстырылды. Бұл жыл сайын 100 млн теңгеге дейін қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді.
Мектеп құрылысына да жеке инвестиция тартамыз. Инвестициялық кеңестерде 30-дан астам жеке меншік мектептің құрылысы қолданды. Сонымен қатар кешенді жоспар аясында 5 жылдық кезеңге 50-ге жуық мемлекеттік мектеп салу жоспарланған.
Сондай – ақ, қолданыстағы оқу орындарына тиісті назар аудару қажет-өткен жылы 26 білім беру нысаны (мектептер, балабақшалар, колледждер) жөнделді. Осы жылы да жұмыстар жүйелі деңгейде жалғаса бермек, - деп жазды қала әкімі.