Елордада 14 жастар денсаулығы орталығы жұмыс істейді

19 Қараша 2022, 18:48
1942
Бөлісу:
Елордада 14 жастар денсаулығы орталығы жұмыс істейді

Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры едордалық филиалы директорының орынбасары Сандуғаш Болысбекова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Ел келешегі – жастардың қолында десек, болашағымыздың жарқын болуы – өскелең ұрпақтың денсаулығына байланысты екені белгілі. Мемлекет жас ұрпақты салауатты өмірге тәрбиелеуге, салауатты дағдыларды өміріне серік ететін жастар қатарын көбейтуге ерекше мән беруде. Осы бағытта Президент пен бірнеше министрліктің басшылары жастардың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартып, жастарға қамқорлық жасайтын қызметтерді қолдауды қолға алған болатын. 

Бұл 2019 жылы Найробиде өткен маңызды саммит кезінде расталып, Қазақстанның әр аймағында Жастар денсаулығы орталықтары ашылды. 

Астана қаласында 14 жастар денсаулығы орталықтары: №1 қалалық емхана базасында «Нұр», №2 қалалық емхана базасында «Алтын Арай», №3 қалалық емхана базасында «Жас толқын», №4 қалалық емхана базасында «Рауан», №5 қалалық емхана базасында «Шуақ», №6 қалалық емхана базасында «Жас Талап», №7 қалалық емхана базасында «Шаңырақ», №8 қалалық емхана базасында «Сенім», №9 қалалық емхана базасында «Жастар», №10 қалалық емхана базасында «Өзіңді тап», №11 қалалық емхана базасында «Дауа», №12 қалалық емхана базасында «Жігер», №13 қалалық емхананың Профилактика және әлеуметтік-психологиялық қызмет бөлімшесінің құрамында «Жастар денсаулығы орталығы», «Салауатты Астана» емханасында «Салауатты жастар» орталықтары жұмыс жасайды, - деп атап өтті филиал директорының орынбасары. 

Қазіргі таңда осы бағытта белгілі жұмыс тәжірибесі жинақталып, орталықтардың мамандары арнайы бағдарламалар бойынша оқытылған. 

Жастар денсаулығы орталығы – жасөспірім кезеңнің ерекшеліктеріне байланысты денсаулықты сақтау проблемаларына, қолжетімді, қайырымдылық, сенім принциптері бойынша кешенді медициналық, әлеуметтік, психологиялық көмек көрсететін орталық. Басты мақсаты – жасөспірімдер мен жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау, репродуктивті денсаулықты қорғау, оның ішінде ерте жыныстық белсенділіктің алдын алу, контрацептивтерді қолдану, қалаусыз жүктіліктің алдын алу, отбасын жоспарлау және жыныстық жолмен берілетін инфекциялар туралы ақпараттандыру. Осы орайда орталық дәрігерлері әр тоқсан сайын қаладағы мектептердің оқушыларымен кездесу өткізеді. 

Жастар денсаулығы орталықтарының қызметі 14-29 жас аралығындағы жастарға медициналық және психологиялық көмек көрсетуді қамтиды. Орталықта психолог, уролог, дерматолог, гинеколог сынды мамандар отбасын жоспарлау, жеке гигиена, жыныстық даму, қажетсіз жүктіліктің алдын алу және репродуктивті денсаулық (ЖЖБИ, жүктілік, аборттар, бала тууға қарсы дәрілер) бойынша ақпарат пен ерікті түрде кеңес береді; жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, АИТВ бойынша кеңес береді және ерікті түрде тесттен өткізеді; студент жастар арасында салауатты өмір салты қағидаларын насихаттау және алдын алу шараларын жүргізеді; темекі шегудің, жұқпалы, әлеуметтік маңызы бар аурулардың (ЖИТС, туберкулез, маскүнемдік, нашақорлық, ЖЖБИ, суицид) алдын алу және емдеу шараларын жасайды; репродуктивті денсаулық және қажетсіз жүктіліктің алдын алу жұмыстарын қамтиды. Орталықта жалпы тәжірибе дәрігері, гинеколог, нарколог дәрігерлермен қоса, психолог және социолог мамандар қызмет атқарады.

Жастар денсаулығы орталықтарының нәтижелі жұмыс істеуі үшін, оның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында биыл Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалынан 181, 9 млн теңге бөлінген. Яғни елордамыздағы Жастар денсаулығы орталықтары жүйелі жолға қойылған жұмыстарын жалғастыра бермек.

Өзгелердің жаңалығы