Елордада өртенген жатақхананың иесі өрт қауіпсіздігін сақтамаған

2 Мамыр 2019, 16:59
2057
Бөлісу:
Елордада өртенген жатақхананың иесі өрт қауіпсіздігін сақтамаған
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  Бүгін елорданың Байқоңыр ауданындағы Халел Досмұхамедұлы көшесінде орналасқан жекеменшік бес қабатты жатақханадан өрт шығып, бірнеше адам зардап шеккен еді. 

Нұр-Сұлтан қалалық Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Орал Әбдірахманов жатақхана иесі осыған дейін қауіпсіздік ережелерін сақтамай келгенін айтты.

«Бұл жатақхана 1974 жылы салынған. Дәліз тәріздес тұрғызылған. Бұл жатақхананың өрт қауіпі өте жоғары. Өйткені, жыл сайын тәуекелдер деңгейінің талаптарына сәйкес, жыл сайын азаматтық қызмет өкілдері тексереді. Мысалы, былтырғы тексеріс кезінде өрт қауіпсіздігінің ережелерінің сақталуына байланысты 10 заңбұзушылық анықталған болатын.  Негізінен электр желілерін монтаждау және пайдалану барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзуға қатысты орын алып отырған», - дейді Орал Әбдірахманов. 

Оның айтуынша, жауапты тұлғаға өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамағаны үшін 200 мың теңге көлемінде айыппұл да салынған екен. 

«Нұржеңіс.кз-2008» ПИК басшысына осы мәселе жөнінде тапсырма берілген болатын. Одан бөлек, мемлекеттік инспекторлар ұсынған талаптарды орындамағаны үшін материалдарды сотқа жөнелткен еді. Осы жатахқанаға жауапты заңды тұлғаға 200 мың теңге көлемінде айыппұл салынған», - дейді Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД басқармасының өкілі.  

Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр ауданындағы Халел Досмұхамедұлы көшесінде орналасқан жекеменшік бес қабатты жатақханадан өрт шықты. Қазіргі кезде өрттен зардап шеккен 26 адам ауруханада жатыр.  Оның ішінде 14-і бала.

Өзгелердің жаңалығы