Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Отбасы банк» АҚ-ның басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Baigenews.kz агенттігінің «20:21» жобасында «Елорда жастары» бағдарламасы төңірегіндегі өзекті сұрақтарға жауап берді.
Оның айтуынша, бұл Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ-ның біріккен жобасы. Негізінен бұл жоба жас отбасыларды қолдауға бағытталған, сондықтан оған 35 жасқа дейінгі жастар қатысады.
Бағдарламаға қатысатын жастардың мамандығына келер болсақ, ол қала өмірінде үлкен маңызға ие болып отырған әлеуметтік сала, мұғалім, дәрігер, жергілікті полиция, ТЖД қызметкерлері және адамдардың білімін арттыруға үлес қосып, бірақ аз жалақы алатындар. Оладың жалақы мөлшері аз болғандықтан, баспана алуға қаражат жинай алмайды. Оның үстіне бұл адамдардың көбі сырттан келгендер, яғни осында білім алып, өз қарым-қабілетін ел астанасында жүзеге асырғысы келетін азаматтар,-деді Ибрагимова.
Сонымен қатар ол аталған бағдарлама бойынаша қандай жеңілдіктер жасалғанын түсіндірді.
Бұл бағдарлама бойынша алғашқы жарна ретінде 10%-ын төлейді, жылдық пайыздық мөлшерлеме 5%. Ал, берілетін кредит мөлшері 18 млн теңгеден аспайды. Сондай-ақ азаматтардың төлейтін айлық кредиті 150 мың теңдеген төмен болады,-деді ол.
Сонымен қатар ол бағдарлама бойынша қарастырылған 18 млн теңгеге қандай баспана алуға болады деген сұраққа жауап берді.
18 млн теңгеге олар 1 немесе 2 бөлмелі аса қымбат емес баспананы ала алады. Бағдарлама аясында жаңа салынған және екінші деңгейлі, яғни қолданған үйлерді сатып алады. Екінші деңгейлі үйді сатып алуға рұқсат беру арқылы ел экономикасына серпін береміз. Бұған дейін азаматтардың «Баспана хит» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі баспананы алу құқығы болды. Ол бағдарламаның лимиті аяқталғалы, екінші деңгейлі баспана алғысы келетін көптеген клиенттер бізге келіп жатыр. Сондықтан баспана алғысы келетін адамдарда таңдау құқығы болғаны дұрыс,-деді басқарма төрайымы.
Оның айтуынша, «Елорда жастары» бағдарламасына 3,6 млрд теңге бөлінген және 200 адам баспанамен қамтылады.
Желтоқсанның 31-не дейін азаматтарға баспананы табыстап үлгереміз. Одан кейін бұл бағдарламаның жалғасын қарастырамыз. Бұған дейін «Алматы жастары» бағдарламасын іске қостық, бастапқыда 100 пәтер, кейін 200-ге жеткіздік. Ал, биыл мың пәтер беріліп отыр,-деді Л.Ибрагимова.