Осы жылдың 30 сәуіріндегі жағдай бойынша елорда тұрғындарының 82,6%-ы МӘМС жүйесінде сақтандырылған, ал сақтандырылмағандар үлесі – 17,4%, деп хабарлайды BAQ.KZ Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалына сілтеме жасап.
Яғни, 1 346 945 астаналықтың 1 112 586-сы сақтандырылған. Әлі 234 359 қала тұрғыны қамтылмай, МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр.
2023 жылдың 30 сәуіріндегі жағдай бойынша МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған Астана қаласы тұрғындарының үлесін бөліп қарастырсақ: соңғы 12 айда төлемдері жоқ адамдар – 59%; жұмыскерлер – 25%; жеке кәсіпкерлер – 6%; азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтін тұлғалар – 4%; дербес төлеушілер – 3%; БЖТ төлеушілер – 2 %.
Қор медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту және халықты МӘМС жүйесіне барынша тарту бағытында тұрақты жұмыс жүргізеді. Қазір елорда тұрғындарының 82,6%-ы жүйеде сақтандырылған. Яғни, қажет болған жағдайда, олар медициналық сақтандыру пакетінде медициналық көмек ала алады. Дегенмен, 234 359 адам түрлі себептермен жүйеден тыс қалған.Әйтсе де, МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі болмаса да, барлық азаматтар тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде медициналық (шұғыл медициналық көмек, жедел жәрдем бригадасын шақыру, учаскелік дәрігер қабылдауы, т.б.) көмек ала алады, - деп түсіндірді Медсақтандыру қорының елорда филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Айта кетейік, 2022 жылдың 5 қыркүйегінен бастап бір жылға алдын ала жарна төлеу арқылы МӘМС жүйесіне қатысудың жаңа тетігі іске қосылды. Оны «сақтандырылған» мәртебесі бар, сондай-ақ жүйеге ешқашан төлем жасамаған немесе жүйесіз төлем жасаған барлық дербес төлеушілер пайдалана алады.
Бұған дейін медициналық сақтандыруға жарналарды ешқашан төлемеген немесе жүйелі түрде төлемеген, соның салдарынан сақтандыру мәртебесінен айырылған дербес төлеушілерге оны қалпына келтіру үшін өткізіп алған айлар үшін, тіпті өткен жылға да жарналарды төлеу қажет еді. Енді оларда балама әдіс пайда болды – жарна аударылмаған өткен кезеңді төлемей-ақ, алдағы 12 ай үшін төлем жасау арқылы «сақтандырылған» мәртебесін ала алады.
Азаматтардың МӘМС жүйесімен қамтылмауы, олардың жоспарлы және жоғары технологиялық медициналық көмек алуын, аурулардың алдын алуын, медициналық диагностикаға қол жеткізуін қиындатады. Осы ретте енгізілген жаңа төлем механизмі оң ықпал етеді деп ойлаймыз, - деп атап өтті Нұрлыбек Қабдықапаров.
Медициналық сақтандыру қоры пациенттер құқығын қорғайды. Қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда:
Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
@saqtandyrybot телеграмботы
1406 байланыс орталығы
Қордың fms.kz сайты кері байланыс арналары арқылы Қорға хабарласуға болады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өтінішіңізді қарап, тиісті шаралар қабылдайды.