Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елорда тұрғындарына Sputnik V вакцинасын салу үшін 3 миллион теңге жұмсалады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов айтты.
Әзірге жоспарланған сома біздің барлық астаналықтар үшін шамамен үш миллиард теңгені құрайды. Бұл сома 736 мың адамның жарияланған контингентіне арналған, - деді Мұратов ОКҚ брифингінде.
Оның айтуынша, ресейлік Sputnik V вакциналары өткен аптада жеткізілген. Қалалық емханалар вакциналарды қоймадан екпе салдыратын мекемелерге тасымалдауға арналған 20 мұздатқыш және 82 жылу контейнерімен қамтамасыз етілген. Бастапқы кезеңде вакцинация №2, №4, №6, №7, №9 қалалық емханаларда жүргізіледі екен.
Бірінші кезеңде тәуекел тобына жататын медицина қызметкерлері, атап айтқанда, жұқпалы аурулар ауруханалары, жедел-жәрдем, алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдары, көпсалалы ауруханалардың қабылдау бөлімдері қызметкерлері вакциналанады. Одан әрі мұғалімдер, полиция қызметкерлері, Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі және осылайша, кезең-кезең бойынша барлық халық қамтылады. Бүгінгі күні алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында емшара бөлмелері мен күту бөлмелері әзірленген. Онда екпе алған адамдар вакцинациядан кейін 30 минут ішінде физикалық арақашықтық талаптарына сәйкес дәрігердің бақылауында болуы керек, - деді елорданың бас дәрігері.
Оның айтуынша, бірінші кезеңде вакциналауға жататын контингенттің тізімдері дайындалды. Бұл – 6 300 адам. Олардың арасында екпе салуға жатпайтын адамдар болуы мүмкін. 150 медициналық қызметкер COVID-19-ға қарсы вакцинацияға дайындық және жүргізу жұмыстары бойынша оқытылды.