Елорда тұрғыны блок-бекеттегі жол сақшысына алғысын айтты

16 Сәуір 2020, 14:51
1657
Бөлісу:
Елорда тұрғыны блок-бекеттегі жол сақшысына алғысын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елде жарияланған төтенше жағдай кезінде полиция қызметкерлерінің жұмысы күшейтілген режимге көшіп, оларға артылған жауапкершілік еселене түскені белгілі. Бұл ретте құқық қорғау органы өкілдері халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, осындай қиын-қыстау сәтте шұғыл көмекке мұқтаж жандардың да алғысын алуда. 

Нұр-Сұлтан қаласы ПД патрульдік полкінің инспекторы полиция лейтенанты Берікбол Көксеген 15.04.2020 жылы Көкшетау тас жолындағы блокбекетте кезекшілік етті. Қызмет барысында инспекторға Гүлнар Молдашева есімді азамат қала маңында тұратын ағасының науқастанып қалғанын, оны тез арада Нұр-Сұлтанға жеткізу керектігін айтып хабарласады. Полиция лейтенанты мұндай өтінішке бей-жай қарамай, науқас азаматты бекетте қалыптасқан көлік нөпірінен жылдам өткізіп, ауруханаға жеткізуге қол ұшын созады, - делінген таратылған ақпаратта. 

Полиция инспекторы Берікбол Көксегеннің қайырымды қызметіне риза болған Гүлнар Молдашева әлеуметтік желі арқылы алғысын айтты.

Өз жазбасында елорда тұрғыны полицейлердің блок-бекеттегі жұмысы тиянақты ұйымдастырылғанын, жол сақшыларының әр азаматтың талап-тілегіне құлақ түріп әрекет етіп жатқанын жазып, Нұр-Сұлтан қаласы ПД полиция қызметкерлерінің елдегі төтенше жағдай кезінде әркез халықтың қауіпсіздігін басты назарда ұстап жұмыс істейтінін, қиналған, көмекке мұқтаж әр азаматтың өтініші ескерілетінін айтып алғыс білдірді. 


Өзгелердің жаңалығы