Елорда саябақтарында «Алтын күз» концерті өтті

19 Қыркүйек 2021, 16:29
4096
Бөлісу:
Елорда саябақтарында «Алтын күз» концерті өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Филармония директоры Ерлан Дакеновтің айтуынша, күздің осы бір соңғы шуақты жылы күндерінде қала қонақтары мен тұрғындарына карантин режимін сақтай отырып, демалыс күндерін мерекелік көңіл-күйде өткізуге ат салысу – өнер ұжымының мақсаты болған.

Төл мәдениетіміз бен ұлттық өнеріміздің жауһар жырларын үнемі насихаттайтын филармонияның бұл концерті Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Елорда саябақтарында «Алтын күз» концерті өтті
Күз - береке бастауы, молшылық мезгілі. Еңбектің қадірін білген қазақ халқы күзді ырыс-несібе деп ерекше қадір тұтқан. Сондықтан көптен концертке бармаған қала тұрғындарына күн әзірге жылы болып тұрғанда ауа-райының қолайлы сәтін пайдаланып, қаламыздың саябақтарында ұлттық өнерімізді тағы бір рет паш еткенді жөн санадық. Оның үстіне қазір барлық жерде театр маусымдары ашылып жатыр. Сол себепті бұл шағын да болса шын жүректен елге арналған концертіміз көптің көңілінен шығады деген сенімдеміз, – дейді филармония басшысы.
Ашық аспан астында өткен шарада «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі, «Қорқыт» этно ансамблі, «Шалқыма» халық би ансамблі, «Әлем» эстрадалық би ансамблі, «Үрлемелі» оркестр артистері, «Халық ән» және «Классикалық және эстрадалық вокал» бөлімінің әншілері өнер көрсетті.
Қазір пандемия кезінде көп жерде халық жабық мекемелерде концерттерге бара бермейді. Сондықтан далада осылай елорда филармониясының өнерпаздарымен қатар эстрадамыздың жарық жұлдыздары – Қанат пен Света Айтбаевтар, Естай Мұқашев, әнші Дос, көптеген жас әншілер халықтың көңілін көтеріп, өнерін көрсетуде, – дейді мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, филармонияның әнішсі Нұрбол Балапанов.
Елорда саябақтарында «Алтын күз» концерті өтті

Қатысушылар достықтың ақ жалауын желбіреткен киелі ел, қасиетті өлке Қазақстан халқы мен елордалықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, бақытты өмір тіледі. Тұрғындардың бірқатары саябақтарда қыдырып жүріп, концерттің үстінен түссе, кейбіреулері паркте ойнап жүрген немерелерінен естіп, үйінен ерінбей келіпті. Араларында елордада тұратын балаларына қыдырып келген елорда қонақтары да көп болды.  

Мен Жетісайдан келдім. Елордада балам тұрады. Бесінші немерем дүниеге келіп, соны көрейін деп, қонақ болып келген жайым бар. Немерем «апа, концерт болып жатыр паркте» деді. Міне, керемет. Театрға, филармонияға бара алмағасын, көре алмай жүрген тамаша концертті көріп, көңіліміз көтеріліп қалды. Не дегенмен, елдің жүрегі, бас қаламыздың басты өнер ошағы болғасын кіл мықты дарын иелері осында деп санаймыз. Көп рахмет, жастардың өнері өрге жүзсін!, – дейді елорда қонағы Шолпан Бекбаева.

 


Өзгелердің жаңалығы