Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қалалық политехникалық колледжі республиканың үздік 10 колледж арасында көш бастады. ҚР БҒМ "Talap" коммерциялық емес акционерлік қоғамының жыл сайынғы рейтингінің қорытындысына сәйкес, елордалық колледж 96,8 балл жинады, деп хабарланды елорда әкімдігінің ресми сайтында.
Колледж қызметінің негізгі көрсеткіштері бес индикатор бойынша бағаланды: қызмет сапасы (25 балл), кәсіби кадрлар (15 балл), бизнес-қауымдастықпен өзара іс-қимыл (35 балл), WorldSkills жобасына және басқа да инновациялық жобаларға қатысу (10 балл), студенттер контингенті (15 балл).Рейтингті есептеу кезінде 2018-2019 оқу жылындағы расталған деректер қолданылды. Іріктеу аумақтық орналасуы және дайындық бағыттары бойынша жүргізілді. Мысалы, рейтингте көш бастаған Нұр-Сұлтан политехникалық колледжінде дайындық мемлекеттік және орыс тілдерінде, тоғыз білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады, - делінген хабарламада.Маңызды көрсеткіш – политехникалық колледж түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі 80%-ды құрайды. Рейтингте екінші орынды Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі иеленіп, Текей батыр Қарпықұлы атындағы Қызылорда колледжі үздік үштікті қорытындылады.
Елордалық оқу орнында 25 жыл ішінде 10 мыңнан астам маман білім алып, еліміздің түрлі салалары үшін білікті кадрлар даярланды. 214 колледж қатысқан рейтинг ҚР ТжКБ ұйымдары арасында бәсекелестіктің өсу құралы саналады.