Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Тəуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында елордада «30 игі іс» ұранымен əлеуметтік қайырымдылық іс-шаралары өтуде. Ондағы басты мақсат – қала тұрғындары үшін игі іс жасау. Биыл қардың көп түсуіне байланысты Нұр-Сұлтан қаласы əкімдігінің «Астана жастары» КММ мен елорда волонтерлары 10 мұқтаж отбасыға, оның ішінде зейнеткерлерге көмек ретінде ауладағы қарды тазалауға көмек көрсетуді бастап кетті.
Осындай іс-шараның бірі бүгін Нұр-Сұлтан қаласы Жосалы көшесі бойындағы жер үйлердің бірінде тұратын 76 жастағы зейнеткер Роза Васильеваның ауласын қардан тазалау жұмыстары бойынша жүрді.
Әкімдік қызметкерлері, ерікті жастардың қар күреуде біз сияқты зейнеткерлерге қолұшын беріп жатқанына ризамын. Жыл сайын ауладағы омбы қарды тазалауға келіп тұрады. Биыл қар бұрынғыға қарағанда ерекше көп түсті. Өзім де тазалаған болдым, көршілерден де көмек сұрадым. Бүгін жастардың келіп бір демде тазалап бергені әжептәуір көмек болды, - дейді ол.
Волонтерлар өздеріне берілген жеке үйлердің ауласында жиналған қарды жəне үйге дейінгі жолдарды тазалап берді.
«Астана жастары» КММ ұйымдастыру бөлімінің басшысы, волонтер Арайлым Сапарәлінің айтуынша, мұндай тазалау жұмыстары өткен жылғы «Біз біргеміз» акциясының жалғасы екенін айтады.
Биыл ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай бастау алған қайырымды істер марафоны бірреттік шара емес. Қыс мезгілі басталғаннан аяқталғанға дейін осылай тұрақты түрде келіп тазалап тұрамыз. Аптасына 10-15 үйдің ауласы тазаланады. Қазір біз Сарыарқа ауданы бойынша тазалап жатырмыз. Одан бөлек, өзге аудандар бойынша да қар тазалау жұмыстары жүргізіледі, - дейді ол.
Волонтер мұндай қайырымдылық акциясы қыста ғана емес, көктемде де, жазда да жалғасатынын жеткізді.
Жазда сенбіліктер, өзен-арықтардың бойын қоқыстан тазарту сияқты немесе үйінен өздігінен шыға алмайтын қариялардың тұрмыстық қоқыстарын шығару, үйлерін жинап, азық-түлік әкеліп беру сияқты жұмыстарын жасап береміз. Қарт адамдарға көмек көрсету жастардың бойында мейірімділік пен аға ұрпаққа рухани байлықты тəрбиелеуге ықпал етеді, - дейді ол.