Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы биылғы жылдың соңына дейін 5 млн жолаушыға қызмет көрсетуді жоспарлап отыр.
Өткен жылы елорда әуежайы 30 мың рейске қызмет көрсетіп, жолаушылар ағынын 4,5 миллионнан аса жолаушыға жеткізген еді. Енді жаңа межені бағындырмақшы. Бұл туралы Халықаралық әуежайдың басқарма төрағасы Рәділбек Әдимолда бүгін өтпелі галереяның салтанатты ашылуында мәлімдеді.
2018 жылы елорда әуежайы 30 мың рейске қызмет көрсетіп, жолаушылар ағынын 4,5 миллионнан аса жолаушыға жеткізді. Биылғы жыл соңына дейін әуежай 5 миллионыншы жолаушыға қызмет көрсетуді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта әуежай 15 шетелдік және 5 отандық әуе компанияларымен бірге жұмыс жасайды. Биылғы жылы жаңа Прага, Ұлан-Батыр, Токио халықаралық әуе бағыттарының ашылуына орай, халықаралық бағыттармен ұшқан жолаушылар саны 1,5 миллионнан асты, - дейді Рәділбек Әдимолда.Әуежай басшысының айтуынша, 2019 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша, жолаушылар ағыны 4,2 миллион жолаушыны құрады. Бұл көрсеткіш 2018 жылғы осы кезеңдегі қорытындымен салыстырғанда 7%-ға артығырақ. Рейстер саны 26 мыңнан асып, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 3%-ға көбейді.
Бұдан бөлек, ішкі бағыттар бойынша 2,7 миллион жолаушыларға қызмет көрсетілген екен. Бұл көрсеткіш Шымкент, Тараз, Семей, Павлодар, Қостанай бағыттарын ашқан FlyArystan әуе компаниясының арқасында жүзеге асып отыр.
Айта кетейік, отандық лоукостер желтоқсанда "Нұр-Сұлтан-Мәскеу" бағытын ашуды жоспарлап отыр.