Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін таңертең Нұр-Сұлтанға Арыс қаласынан 200 бала келді. Елорда вокзалында балаларды қала әкімі Алтай Көлгінов қарсы алды, деп хабарлады қала әкімдігінің сайты.
Оқи отырыңыз:

"Біз Арыс қаласынан зардап шеккен 200 баланы қарсы алдық. 5-7 сынып оқушылары мұғалімдермен бірге келді. Олар елордада екі апта бойы болады. Бұл бірінші топ, ал биылғы жазда Арыс қаласынан 1000-ға жуық баланы қабылдаймыз", - деді Алтай Көлгінов.

Өз қатарластарын белгілі әнші Ержан Мақсим құттықтады. Ол қонақтарға кɵңiлдi демалыс тіледі. Оқушылар 20 ұстазбен бірге келді. Елордада олар Оқушылар сарайы, Нұр-Әлем сферасы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Ұлттық мұражай, "Астана-Бәйтерек" монументі, "Астана-Опера", Тұңғыш Президент мұражайы, "Атамекен" этно-мемориалдық кешені, "Алау" мұз айдыны, "Сары-Арқа", "Барыс Арена", "Астана-Арена" спорт кешендері және т.б. сияқты қаланың көрікті жерлерін аралайды.
