Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы өз Жолдауында халық депутаттарға сенбек түгілі, олардың көбін жұрт танымайды деп сынға алды.
«Желмая» жобасында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев Мемлекет басшысының айтқан сынына пікір білдірді.
Сын әрдайым айтылады. Сынның бәрін қабылдау әрі одан жақсы ой түю біздің маңызды парыздарымыздың бірі деп есептеймін. Президенттің айтқан сынына да толықтай қосылам. Расында, бұғып қалатын, кейде бір пікірді соңына дейін айтпайтын кездер болады. Қаңтар оқиғасы кезіндегі кейбір жауапкершілікті мойнымызға алуға дайынбыз. Оған дейін де ащы мәселелерді көтеру керек еді, - дейді депутат.
Оның айтуынша, елімізде инвестиция мәселесін шешуге баса назар аударылуы қажет.
Біздің қолымызда барлық ақпарат бар. Мәселен, елімізге түсетін бюджетті көріп отырамыз. Жалпы табыс 15 трлн теңге жуық пайда түседі. Бірақ жарататын қаржымыз 17,5 трлн теңге. Ал ұлттық қордан жыл сайын 2,5 трлн теңге ақша алып отырмыз. Осыған қарап біз кредитке жұмыс істеп отырғанымызды көре аламыз. Ұлттық қор да мәңгілік емес. Оның үстіне пандемия кезіндегі жағдай мен қаңтар кезіндегі оқиғалар бар. Көршілес елдердің арасындағы саяси жағдайды да көрудеміз. Бұлардың бәрі ел экономикасына нұқсан келтіруде. Бұл мәселені көріп тұра министр мен әкімдерге айтқың келеді. Алайда олардың тек бір жауабы бар. Ол қаражат беріңдер дейді. Барлығы қаржыға барып тіреледі, - деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев.