Астана, BAQ.KZ. Элизабет Тұрсынбаева мәнерлеп сырғанаудан Жапонияның Сайтама қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды деп хабарлайды Olympic.kz.
Еркін бағдарламада Тұрсынбаева төрттік сальховты тұңғыш рет қатесіз орындап, 148.80 ұпай жинады. Бұл Элизабеттің маусымдағы үздік көрсеткіші.
Сондай-ақ, Тұрсынбаева төрттік сальховты ресми жарыстарда орындаған тұңғыш спортшы ретінде тарихта қалды.
Қоссайыс қорытындысы бойынша Элизабет 224.76 ұпай жинады. Бұл қазақ спортындағы тарихи жүлде екені сөзсіз. Өйткені, бұған дейін мәнерлеп сырғанау спортынан әйелдер арасындағы сында Қазақстан жүлде алып көрген емес.
Элизабет Тұрсынбаева Қазақстан спортының тарихында әйелдер арасынан әлем чемпионатында жүлде алған алғашқы спортшы.
Алтын және қола медаль ресейліктер Алина Загитова мен Евгения Медведеваның еншісінде.
Биылғы маусымда Элизабет Универсиада ойындары мен Төрт құрлық чемпионатының күмісін иеленген болатын.
Мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты. Әйелдер. Қорытынды есеп:
1. Алина Загитова (Ресей) - 237.50
2. Элизабет Тұрсынбаева (Қазақстан) - 224.76
3. Евгения Медведева (Ресей) - 223.80
4. Рика Кихира (Жапония) - 223.49
5. Каори Сакомото (Жапония) - 222.83
Әйелдер, еркін бағдарлама қорытындысы:
1. Алина Загитова (Ресей) - 155.42
2. Рика Кихира (Жапония) - 152.59
3. Евгения Медведева (Ресей) - 149.57
4. Элизабет Тұрсынбаева (Қазақстан) - 148.80
5. Каори Сакомото (Жапония) - 145.97