Елімізге адам өліміне әкелуі мүмкін тіркелмеген дәрі-дәрмектер келіп жатыр

2 Ақпан 2023, 15:28
1346
Бөлісу:
Елімізге адам өліміне әкелуі мүмкін тіркелмеген дәрі-дәрмектер келіп жатыр

Бұл туралы депутат Ақмарал Әлназарова Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, елімізге сапасыз дәрілік заттар келіп жатыр. Сондай-ақ Өзбекстандағы дәрі-дәрмектерді қолдану салдарынан 19 баланың қайтыс болуына байланысты қайғылы жағдай елімізге әкелінетін дәрі-дәрмектердің қаупін мұқият қадағалау қажеттігін дәлелдеп отыр. Қазақстанда тіркелмеген дәрі-дәрмектерді әкелуге бірнеше рет бір реттік рұқсат беру осындай қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Қазіргі уақытта нарықта отандық және шетелдік өндірушілердің тіркелген өнімдері болған жағдайда да бір реттік импорт кеңінен қолданылып келеді.

Мұндай тәжірибе ресми түрде әкелінетін тіркелген препараттарды жеткізушілерді де елеулі қатерге ұшыратып отыр. Бұл жалпы отандық фармацевтика саласының инвестициялық тартымдылығына нұқсан келтіреді. Мұндай қос стандарттар адал өндірушілердің сапалы препараттарын нарықтан ығыстырып шығаруына әкеліп соғады, - деді Ақмарал Әлназарова Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.

Сенатор сонымен қатар қолданыстағы дәрі-дәрмектер бағасын реттеу ісінің нашарлығы мен сол жүйенің күңгірттігі туралы проблемаларды да атап өтті. Барлық дәрі-дәрмектердің белгіленген шекті бағасы болуы керек. Алайда, қажетті тіркеу құжаттарының болмауына байланысты біржолғы препараттарға шекті бағалар белгіленбей келеді.

Халықтың сапалы, қауіпсіз және тиімді дәрілік заттарға қолжетімділігін жақсарту және ішкі нарықты толық қамтамасыз ету мақсатында дәрілік заттар айналымын реттеу жүйесінің тәсілдерін қайта қарау керек. Фармацевтикалық өнімнің жаңа түрлеріне жедел қол жеткізе алатын және дәрілік заттардың бағасын реттеудің ашықтығын қамтамасыз ететін тіркеу рәсімдерін оңтайландыру қажет. Мемлекет елімізде ұдайы жетіспейтін немесе табылмайтын бірқатар препараттардың өндірісін жолға қою үшін инвестиция беріп қолдау жасауды, сондай-ақ осындай позицияларды тіркеуді бақылау мен шығындарын өз мойнына алуы тиіс, - деді сенатор.

Өзгелердің жаңалығы