Еліміздің Жапониядағы ЭКСПО-2025 көрмесіне қатысуы талқыланды

11 Қазан 2024, 04:14
577
Бөлісу:
Еліміздің Жапониядағы ЭКСПО-2025 көрмесіне қатысуы талқыланды
Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Жапония Сыртқы істер министрлігінің Орталық Азия бойынша арнайы өкілі, Елші Масаки Ишикаваны қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында тараптар аса жоғары және жоғары деңгейдегі сапарларға, сондай-ақ бірлескен іс-шараларға ерекше назар аудара отырып, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелері бойынша «сағаттарын теңестірді».

Сұхбаттастар өңірлік ынтымақтастыққа, әсіресе «Орталық Азия + Жапония» диалогы аясында оң әсер ететін екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының өзара іс-қимылын жоғары бағалады.

Сонымен қатар сауда-экономикалық, көлік-логистика, экология және ауыл шаруашылығы салаларындағы ағымдағы жобалар талқыланды. Осы орайда өзара тиімді әріптестікті ілгерілетуге ықпал ететін Қазақстан мен Жапонияның Үкіметтік және жекеменшік секторларындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссиясының маңыздылығы аталып өтті.

Стратегиялық серіктестікті нығайту бойынша алдағы қадамдар тұрғысынан екіжақты шарттық-құқықтық базаны кеңейтуге баса назар аударылды. Сондай-ақ тараптар мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастардың негізгі аспектілерін, соның ішінде Қазақстанның Осакадағы ЭКСПО-2025 дүниежүзілік көрмесіне қатысу мәселесін қарастырды.

Кездесу қорытындысы бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Өзгелердің жаңалығы