Бұл жайында Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-сәуірде сыртқы сауда тауар айналымы 11,1 пайызға өсіп, 44,4 млрд долларға жетті.
Экспорт - 25,5 млрд доллар. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 7,5 пайызға ұлғайып, 8 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты 18,9 млрд долларды, ал жалпы, оң сауда балансы 6,6 млрд долларға тең. Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,3 пайызға өсті. Көрсеткіш өсуі 15 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғарғы өсуді Алматы қаласы, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Абай облыстары көрсетті, - деп мәлімдеді ведомство басшысы.
Биыл қаңтар-мамырда 5,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,4 пайызға жоғары.
Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары көрсеткіштері Шымкент, Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Ұлытау облысында байқалды. Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 3,5 пайызға ұлғайды. Саладағы өндірістің оң өсуі 16 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсуді Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстары көрсетті, - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша бензин мен дизель отынының шекті бағалары көтерілгендіктен жанар-жағармай бағасы өскенін атап өтті.