Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің екі командасы NASA және АҚШ Ұлттық ғарыш қоғамы (National Space Society) ұйымдастырған Space Settlement Contest 2025 халықаралық байқауында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Байқауға әлемнің 25 елінен 26 мыңнан астам оқушы қатысты. «YURT» жобасын ұсынған алматылық оқушылар командасы 1-орынды иеленді.
Команда Юпитердің орбитасымен қозғалып, оның Ганимед және Каллисто серіктеріне жақындай алатын автономды ғарыш станциясының жобасын таныстырды. Станция 30 мыңға жуық адам тұруға арналған, жасанды гравитация жүйесімен және толықтай дербес тіршілікпен қамтамасыз ету жүйесімен жабдықталған, - делінген Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарламасында.
2-орынды тағы бір қазақстандық команданың «Икарус» жобасы иеленді. Олар 45 мың тұрғынға арналған Ганимедтің төменгі орбитасында орналасқан ғарыш станциясын құрастырған.