Жамбыл облысында 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне белсенді түрде кешенді дайындық жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өңірдегі барлық гидротехникалық нысандарды тексеріп, қажет аудандарда алдын алу шараларын қабылдады.
Облыста 1039 шақырым канал, 1615 шақырым арық, 406 су өткізу құрылымы, 299 автомобиль және 115 теміржол көпірі тазартылды. Трансшекаралық «Шон-Қақпа» су қоймасынан су жіберу шараларын қоса алғанда, су қоймаларының жағдайына тәулік бойы бақылау жүргізілуде.
Қауіпті аймақта орналасқан 42 елді мекеннің қорғалу деңгейін арттыру үшін су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасы іске асырылды. Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл аудандарында өзен жағалауын нығайту жұмыстары аяқталды. Су басу қаупін болдырмау үшін 27 шақырым каналдар мен дренаждық жүйелер кеңейтіліп, тереңдетілді, сондай-ақ 12 көпірдің су өткізу қабілеті арттырылды. Сонымен қатар 396 эвакуация пункті дайындалып, инертті материалдар мен жанар-жағармай қорлары жасалды.
Жамбыл облысының әкімі Е.Қарашөкеевтің басшылығымен және облыстық ТЖД бастығы А. Тоқановтың қатысуымен Шу ауданының Шу өзеніне аэровизуалды тексеру де жүргізілді.
Бүгінгі таңда Шу ауданының бірқатар елді мекендеріне, ауыл шаруашылық және автокөлік көпірлері мен жолдарын су басу қауіпін төндіріп тұрған «Тасөткел» су қоймасымен реттелетін Шу өзені болып табылатындығы мәлім. «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының ағымдағы жылдың 29 қарашадағы мәліметіне сәйкес «Тасөткел» су қоймасында судың көлемі 354,9 млн. м3 құрап отыр. Судың су қоймасына түсуі және жіберілуі 120 м3/сек., яғни транзиттік режимде жұмыс істеуде. Шу өзенінің су өткізу қабілеттілігі 200 м3/сек. құрайды, алайда биылғы жылдың 13 қарашасында «Мерке-Шу-Бурылбайтал» автокөлік жолының 109 шақырымында орналасқан көпірдің маңындағы Шу өзенінің жағалауын (ұзындығы 350 метр) су шаю оқиғасы орын алды.
Осыған байланысты табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Шу өзені қауіпті учаскелерді айқындап, жағалауын нығайту жұмыстарын шұғыл түрде жүргізуін қамтамасыз етуді ұйымдастыруда.
Облыстың ТЖД Қазгидрометтің Жамбылдағы филиалымен бірлесіп метеорологиялық ақпаратпен жедел алмасу ұйымдастырылды. Өңірдегі су тасқынына қарсы жұмыстар қатаң бақылауда және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда.