Электр стансаларын жөндеудің бекітілген кестесіне сәйкес 2024 жылға 10 энергоблокты, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда 3 энергоблокта, 24 қазандықта және 11 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 1 энергоблокты, 4 қазандықты, 7 турбинаны жөндеу жұмыстары аяқталды.
Еліміздегі барлық жылу орталықтарында жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ағымдағы жылы еліміздің барлық электр стансаларының жөндеу жұмыстарына 326,7 млрд. теңге мөлшеріндегі қаржы бөлінеді деп күтілуде.
Бұл ретте «МАЭК» ЖШС-нің 2-ЖЭО-ның №7 қазандығын жөндеу жұмыстары а.ж. 1 шілдесінде басталады.
«Қармет» АҚ ЖЭО-2-де а.ж. 25 маусымына №2 қазандықты жөндеуді бастау жоспарлануда. Мерзімнің ауысуы қажетті қосалқы бөлшектер мен жабдықтарды жинақтау қажеттілігіне байланысты.
Өскемен қаласындағы «Согра ЖЭО» ЖШС-де а.ж. 20 маусымынан бастап №2 турбинаның жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін №1 турбинаның жөндеу жұмыстары басталады. Бұл №2 турбинадағы қосымша жұмыстардың анықталғанына байланысты.
«МАЭК» ЖШС ЖЭО-дағы №2 энергоблок пен «Степногорск ЖЭО» ЖШС-нің №3 қазандығын жөндеу жұмыстары аяқталды.
Жөндеу жұмыстарының барысын бақылау үшін Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департаменттерінің өкілдері, сондай-ақ Энергетика министрлігінің басшылығы апта сайын электр стансаларына барып тұрады.
Ай сайын мүдделі мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен энергетикалық кәсіпорындардың қатысуымен проблемалық мәселелер бойынша салалық селекторлық кеңестер өткізіледі.