Еліміздің екі қаласында интернет-алаяқтар тобы ұсталды

3 Қыркүйек 2022, 14:06
911
Бөлісу:
Еліміздің екі қаласында интернет-алаяқтар тобы  ұсталды
PHOTO

СҚО ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері өңір прокуратурасының үйлестіруімен Нұр-Сұлтан қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасымен бірлесіп, жеті адамнан тұратын алаяқтардың қылмыстық тобын ұстады, – деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.

Ұсталғандардың IT-технологиялар, психология саласында білімдері бар. Мұны олар алаяқтық қызметтеріне қолданған. Топ үш айда құрылған. 

Әр қатысушының өз рөлі болған. Мысалы: ұйымдастырушылар үйлестірушілердің рөлін атқарып, алаяқтық жолмен алынған ақша қаражаттарын аудару мен алуға лимиттерді көтеруге нұсқау берді, топтың басқа мүшелері төлем карталары ресімделетін адамдарды – “дропперлерді” таңдады.

 Оларды қылмыскерлер бұрын сотталған, балалар үйінің түлектері, студенттер және жай ғана аңқау адамдар арасынан таңдаған. 

Еліміздің екі қаласында интернет-алаяқтар тобы  ұсталды

Төлем карталары ұйымдасқан қылмыстық тізбек бойынша Қазақстан қалаларындағы топтың басқа қатысушыларына банкоматтардағы қаражатты одан әрі қолма-қол ақшаға айналдыру үшін берілген. 

Ұсталғандардың барлығы Нұр-Сұлтан және Петропавл қалаларының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың үшеуі бұрын ұрлық, көлік ұрлығы, бұзақылық үшін сотталған. 

Бүгінгі таңда интернет-алаяқтықтың 64-тен астам эпизоды анықталды. Келтірілген шығын сомасы шамамен 200 млн теңгені құрайды. 

Егер сіз интернет-алаяқтардың құрбаны болсаңыз, дереу полицияға хабарласуды сұраймыз. Есіңізде болсын, төлем картасын ресімдеп, оны белгілі бір сомаға бейтаныс адамдарға тапсырсаңыз, сіз қылмысқа қатысушы болып таныласыз!

Өзгелердің жаңалығы