АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында өтіп жатқан 2023 жылғы Қысқы Универсиадада мәнерлеп сырғанаудың қысқа бағдарламасы бойынша ерлер арасында екі қазақстандық спортшы сынға түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сайыс барысында ел құрамасынан Михаил Шайдоров қысқа бағдарлама бойынша 75,05 ұпай жинап, алтыншы орынға тұрақтады. Қазақстандық тағы бір спортшы Диас Жиренбаев 60.89 ұпаймен 16-орынға жайғасты.
Осылайша екеуі де еркін бағдарлама бойынша сайысқа қатысуға мүмкіндік алды.
Қысқа бағдарлама бойынша жапониялық үш спортшы Сота Ямамото (101,32), Тацуя Цубои (84,48) және Шун Сато (84,43) үздік үштікте тұр.
Еске салсақ, дүбірлі додада еліміздің атынан 78 спортшы бақ сынап жатыр. Олардың 6-сы ел намысын мәнерлеп сырғанаудан қорғайды.
Айта кетейік, ҚазАқпараттың хабарлауынша, шайбалы хоккейден Қазақстан студенттер құрамасы алғашқы екі кездесуінде жеңіске жетті.