Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 24 наурыз күні республиканың басым бөлігінде құбылмалы ауа райы сақталады, кей жерде жаңбыр және қар түріндегі жауын-шашын болады.
Түнде солтүстікте қатты қар жауады. Еліміздің жекелеген аумағында тұман, көктайғақ, бұрқасын, екпінді жел болжанады. Оңтүстікте найзағай, оңтүстік-батыста шаңды дауыл тұрады.
Атап айтқанда, Павлодар облысында желдің күші түнде 23-28 м/с жетуі ықтимал. Кей жерде тұман, көктайғақ, бұрқасын болады. Атырау облысында жел түнде кей жерде, күндіз басым бөлігінде 15-20 м/с күшпен жел соғады. Екпіні 23 м/с артуы мүмкін.
Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерінде тұман, көктайғақ, бұрқасын болады, желдің екпіні 23-28 м/с күшейеді. Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының кей жерінде тұман, бұрқасын, 15-20 м/с екпінде жел болады.
Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының кей жерінде тұман, көктайғақ, желдің екпіні 15-20 м/с жетеді. Маңғыстау облысының кей жерінде найзағай ойнап, күндіз желдің күші 17-22 м/с жетеді. Сондай-ақ шаңды дауыл тұрады. Түркістан, Қызылорда облыстарының кей жерінде тұман, Қызылорда облысында найзағай болады. Алматы, Жамбыл облыстарының кей жерлерінде жел 15-20 м/с күшейеді, Жамбыл облысында тұман күтіледі. Қостанай облысының кей жерлерінде тұман болжанады.