Еліміздің әскери дәрігерлері жапондық әріптестерінің тәжірибесімен танысты

20 Шілде 2022, 22:02
876
Бөлісу:
Еліміздің әскери дәрігерлері жапондық әріптестерінің тәжірибесімен танысты
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Қарулы күштерінің әскери дәрігерлерінен құралған делегация Токиоға жұмыс сапарымен барып, сол елдегі әріптестерінің медициналық қызмет ерекшеліктерімен танысып, ақпарат алмасты. 

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Еліміздің әскери дәрігерлері жапондық әріптестерінің тәжірибесімен танысты

Қазақстандық делегация Жапонияның Өзін-өзі қорғау күштері Бас әскери медициналық басқармасының ұйымдық-штаттық құрылымын, оның құрамы мен орындайтын міндеттерін зерделеді. 

Жапон тарапы арнайы медициналық оқу-жаттығуларды өткізу, төтенше жағдай кезіндегі әскери дәрігерлердің қызметі, БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларындағы тәжірибесін бөлісті.

Еліміздің әскери дәрігерлері жапондық әріптестерінің тәжірибесімен танысты

Қазақстандық мамандарға далалық мобильді кешен мен бітімгерлік госпиталінің жабдықталуы таныстырылып, жаралыларды көшіру ережелері айтылды. Жапондық әскери дәрігерлермен бірге симуляциялық технологияларды қолдану арқылы ота жасады. 

Сондай-ақ олар білім беру мекемелерінде де болып, Жапонияның Өзін-өзі қорғау күштерінің медициналық мамандарын даярлау жүйесімен және оқу орындарының материалдық-техникалық базасымен танысты.

Жапония Қорғаныс министрлігіндегі кездесу соңында тараптар әскери медицина, білім мен ғылым, радиологиялық, химиялық және биологиялық қорғау, бітімгершілік миссиялары саласындағы ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін егжей-тегжейлі талқылап, келесі жылға арналған өзара іс-қимыл жоспарын белгіледі.

Өзгелердің жаңалығы