Астанада Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан балаларға арналған дәстүрлі жаңа жылдық мерекелік кеш өтті. «Жаңа жыл – республика төрінде» деп аталған Президенттік шыршаға еліміздің барлық өңірлерінен келген жүз мектеп оқушысы қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мерекелік шара барысында Мемлекет басшысының балаларға арнаған сыйлықтарын ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова табыс етті.
Президент шыршасына қатысқан оқушылардың жасы 9 бен 13 жас аралығында. Биылғы шараға шақырылған балалардың жартысынан көбі ауылдық жерлерден келген. Сонымен қатар қатысушылардың 30-ы көпбалалы отбасылардан шыққан, ал балалардың үштен бірі асыраушысынан айырылған. Мерекелік кешке әлеуметтік осал санатқа жататын және толық емес отбасылардан шыққан оқушылар да қатысты.
Президент орталығында өткен салтанатты кеште балаларды жасанды интеллект көмегімен әзірленген Аяз ата мен Ақша қар қарсы алды. Шара барысында оқушылар Мақта қызбен бірге ертегілер әлеміне саяхат жасап, түрлі жарқын эмоцияларға бөленді. Олар Теке, қошқар, Алладин мен Жасмин сынды танымал ертегі кейіпкерлерімен жүздесті. Мерекелік бағдарламаның негізгі мазмұны балаларды батыл болуға, ашуды ақылмен жеңуге, бірлік пен достықты қадірлеуге, өзгелерді құрметтеуге тәрбиелеуге бағытталды.

Балаларға Президент сыйлығын табыстаған ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова құттықтау сөз сөйледі.
Бүгін сіздер Қазақстанның түкпір-түкпірінен Республика төріндегі Президент шыршасына жиналып отырсыздар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сіздерді осы ғажайып мерекелік шараға арнайы шақырды. Сіздерді Президенттің атынан келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Бұл залда отырған жүз баланың әрқайсысы білімде, спортта, шығармашылықта табысқа жеткен талантты өрендер. Біз сіздерге зор үміт артамыз және болашақта елімізге адал қызмет ететін азамат болып өсетініңізге сенеміз, - деді министр.
Айта кетейік, Президент шыршасына қатысу үшін елордаға келген балалар Астананың көрікті жерлерін екі күн бойы аралады. Олар Ұлттық музейге барып, еліміздің тарихи мұраларымен танысты, «Астана-Бәйтерек» монументі мен «Ailand» океанариумын тамашалады. Сонымен қатар оқушылар үшін түрлі танымдық және шығармашылық байқаулар ұйымдастырылып, жеңімпаздар мерекелік кеш барысында марапатталды.