Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында көрші елдегі тарихи жәдігер, ескерткіштеріміз зерттеледі. Бұл туралы 24kz сайты хабарлайды.
Қазір ала шапанды ағайындыларда 500-ден астам мәдени мұрамыз сақтаулы. Сондай-ақ биыл Елбасының жолдаулары мен еңбектері өзбек тіліне аударылып, кітапханаларына қойылмақ. Екіжақты мәдени қарым-қатынасты нығайту мақсатында Әлішер Науаидың 50 кітабы қазақшаға тәржімаланып, елімізге әкелінген.
Мұның бәрі Достық үйінде өткен «Шығыс жұлдызы – Науаи» атты халықаралық әдеби кеш барысында айтылды. Мәдени шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылықтың меңгерушісі Жансейіт Түймебаев қатысты. Жиында Әлішер Науаидің өмірі туралы бейнеролик көрсетіліп, қонақтар қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады.
Бүгінде біздің елде өзбек халқының 500 мыңнан астам өкілі тұрады.
«Көптеген батырлардың, ғұламаларымыздың қыр сыры ашылмаған. Сол байланыстарды нығайту мәселелері қолға алынады деп ойлаймын», - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Фахриддин Қаратаев.