Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда 2019 жылдың I жартыжылдығында электрондық еңбек биржасында түйіндемелер мен бос жұмыс орындары санының арақатынасы бойынша ең тапшы мамандықтардың тізімін күзетшілер бастап тұр.Бұл туралы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығы сарапшыларының мәліметінше, биылғы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша еңбек нарығында 4,4 мыңнан астам күзетшіге бос орын бар. Тапшы мамандықтар бестігіне санитарлар (2,6 мыңнан астам бос жұмыс орны), тазалаушылар (2,3 мың), даяшылар (2,2 мың) және жүк тиеушілер (2,1 мың) кірді.
Ең сұранысқа ие мамандықтардың ондығына жол салушылар, балабақшалардың тәрбиешілері, мейіргерлер, такси жүргізушілері мен промоутерлер енеді.
Бір айта кетерлігі, республика өңірлерінде еңбек нарығындағы сұраныс айтарлықтай ерекшеленеді. Мәселен, Шымкентте тазалаушылар (300-ден астам бос жұмыс орны) ең көп сұранысқа ие, Алматыда такси жүргізушілері (2 мыңнан астам бос жұмыс орны), Нұр-Сұлтанда күзетшілер жетіспейді (1,1 мың бос жұмыс орны).
2019 жылдың бірінші жартыжылдығындағы электрондық еңбек биржасында жұмыс күшінің сұранысы мен ұсыныстарының талдауымен толығырақ мына сайттан танысуға болады: https://iac.enbek.kz/ru/node/672.
Естеріңізге сала кетейік, 1999 жылдың маусым айында ҚР Үкіметінің қаулысы негізінде «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы» РМҚК құрылған болатын. 2011 жылдың қазан айында РМҚК «Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы» АҚ болып қайта құрылды. ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 1 шілдедегі Қаулысымен «Жұмыспен қамту проблемалары жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы» АҚ «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ болып өзгертілді.
Орталық қызметінің негізгі саласы еңбек нарығын реттеу мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру жөніндегі мемлекеттік саясатты ақпараттық және талдамалық қолдау, халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдарды және халықты жұмыспен қамту орталықтарын әдістемелік қолдауды қамтамасыз ету болып табылады.